Табан тірек пен қимыл органы және тірек-қимыл жүйесінің ең көп күш түсетін бөлігіне жатады. Құрылымының ерекшеліктеріне байланысты сау табан 70%-ке дейін түрлі ауыртпалықты көтере алады. Табан жүру мен жүгіру кезінде аяқ буындарына және бүкіл денеге күшті бірдей түсіретін тірек функциясын атқарады.
Майтабан уақыт өте дене мүсінін бұзады, табан сүйектерінің деформациялануына және омыртқа ауруларына әкеліп соғады (остеохондроз, сколиоз, аяқтың артрозы).
Майтабанның негізгі себептері:
- дене белсенділігінің аздығы;
- артық салмақ, семіздік;
- кальций мен Д дәрумендерінің жетіспеушілігі;
- рахит, полиомиелит, БЦСА (ДЦП) секілді аурулар және жарақат алу кезінде, мысалы табан мен тобықтың сынуы;
- дұрыс таңдалынбаған аяқ киім, биік өкше;
- жүктілік.
Егер де бала тез шаршап, жүргенде ақсаңдаса, аяғын табанның ішкі, не сыртқы жағына, ал аяқ киімді бір жағына қарай басса, аяқ пен бел ауруларына шағымданса, бүкірейсе - ортопед дәрігерге бірден қаралу қажет, себебі майтабандылықтың бастамасы болуы мүмкін.
Майтабандылықтың алдын алуы:
- аяқтың ұшын тік бағыттап жүру, әйтпесе табанның ішкі жағына және буындарына күш түседі;
- аяққа көп күш түсірмейтін жұмыс таңдаған абзал;
- көп тұрған немесе жүрген кезде демалу;
- аяқ киімді дұрыс таңдау, өкшесі 4 см-ден биік болмауы керек;
- бос уақытта аяқты, кем дегенде 30 секунд демалту;
- аяқ ваннасын жасау, табанға жылы-суық суды кезектеп құя отырып, уқалау (массаж) пайдалы;
- шектен тыс күш түсірмеу.
Балалар майтабандылығының алдын алуға бірнеше кеңестер:
- жаз мезгілінде балаларды жалаң аяқ шөп жерлерде, құмда, малта тастарда (галька), ал қыста - шашылған бұршақ үстімен және арнайы уқалау төсеніштерінде жүргізген пайдалы;
- күз-қыс мезгілдерінде туған балаларға және күннің көзі жеткіліксіз кезде рахиттың алдын алу қажет, яғни D3 дәруменін жеткілікті пайдалану маңызды;
- аяқ-киімнің артқы жағы қалың, ал алдыңғы жағы жабық, әрі бақайлар қысылмайтындай жалпақ болғаны дұрыс, өкшесі 1 - 1,5 см, және табиғи материалдан жасалуы керек. Бес жасқа дейін табан буындарын тұрақтандыратын аяқ киім қию ұсынылады;
- бала шектен тыс спортпен шұғылданбаған абзал, барлық жүктемелер баланың жасына және тірек-қимыл аппаратының даму деңгейіне сәйкес келуі керек;
- аяқты уқалау;
- үйлестірілген тамақтанудың пайдасы зор, яғни түрлі дәрумендерге, әсіресе кальцийге бай тағамдар тұтыну қажет;
Дене белсенділігінің келесі түрлеріне басымдық беру ұсынылады:
- бассейнге бару - су гимнастикасы, жүзу;
- велоспорт;
- шаңғы тебу;
- таза ауада серундеу;
- секіртпемен секіру.
Майтабандылықтың алдын алуға және оны емдеуге арналған кешенді жаттығулар.
Майтабандылықтың алдын алуда және оны емдеуде арнайы гимнастикаға басты назар аударылады, алайда оның нәтижесі тек үнемі жасағанда ғана көрінеді. Жаттығуларды жалаң аяқ және мүмкіндігінше күніне бірнеше рет жасаса, жақсы жетістікке жетуге болады. Әр жаттығуды 8 - 10 рет мұқият орындауға кеңес беріледі.
1. Алып.
Аяқ ұшымен (қол көтерулі), содан соң өкшемен жүру (қол белде).
2. Терезе.
Еденде тұрып, табанды еденнен алмай, түзетілген аяқтардың арасын ашып, жабу.
3. Отырып-тұру.
Қолды алға созып, өкшені еденнен алмай, отырып-тұру.
4. Акробат.
Төрт бұрышты ағаштың кесіндісі үстінде кезекпен-кезек бір аяқта тұру.
5. Аю.
Қолды белге қойып, табанның сыртқы жағымен жүру.
6. Сырғанақ.
Аяқтың ұшынан өкшесіне секіру.
7. Барабаншы.
Орындықта отырып, табанды еденге тигізбей, аяқтың бас бақайымен кезекпен-кезек еденді ұру.
8. Сиқыршы.
Орындықта отырып, оң аяқтың бақайларымен шұлықты сол аяққа кигізіп, шешу. Әр аяққа 8 - 10 рет қайталау.
9. Жүк тасушы.
Орындықта отырып, екі табанмен кішкентай допты ұстап, солға, оңға жылжыту.
10. Қарақшы.
Орындықта отырып, үстінде жүгі бар орамалды, не төсенішті алдымен оң, кейін сол аяқпен еденге сүйреу.
11. Құрастырушы.
Орындықта отырып, едендегі түрлі ұсақ заттарды алдымен оң аяқпен, сосын сол аяқпен жинау.
12. Жонглер.
Орындықта отырып, цилиндр секілді ыдысты, мысалы бөтелкені, аяқпен домалату.
Дайындаған: Анастасия Смирнова
Аударған: Әсел Рахметова