DASH жоғары қан қысымының (гипертония) алдын алатын және оны төмендететін үйлестірілген диета.
Ерекшелігі:
- қан қысымын төмендетеді;
- артық салмақты азайтады және оны дұрыс сақтайды.
Dash диетасы келесі қағидаларды ескере отырып орындалады:
1. Диеталық тамақтанудың негізгі ережелерінің бірі – порция мөлшерін сақтау. Тұтынылатын көкөністер мен жемістердің мөлшері 150 г аспау керек.
2. Фаст-фуд, жартылай фабрикат, фритюрда, әрі панировкамен қуырылған тағамдардан мүлдем бас тарту қажет. Себебі осылай дайындалған өнімдер барлық пайдалы қасиеттерінен айырылады, қанның құрамындағы холестерин деңгейін арттырады.
3. Майлы тағамдар рационнан алынады. Тек атеросклероз және гипертониямен ауырмайтын адамдарға аздап, әрі сирек қана жеуге болады.
4. Тұздың мөлшері шектеледі. Қан қысымы жоқ адамдарға тәулігіне шамамен 2/3, гипертониктарға 1/3 шай қасық тұз тұтынуға рұқсат.
5. Жануарлардың майлары холестеринді түйіншектердің дамуына әкеледі, сондықтан оларды өсімдік майларымен алмастырған жөн.
6. Алкоголь мен темекіге тыйым салынады. Олар жүрек, ас қорыту жүйесіне кері әсерін тигізіп, сусыздандыруға әкеледі.
7. Қанттың да мөлшері азайтылады. Тәттілерді жемістер мен ұйытылған сүт өнімдерімен алмастырған дұрыс.
8. Тұтас дәнді нан тұтынуға болады.
Dash диетасының пайдалылығы:
- Холестерин деңгейін азайтады, қан қысымын төмендетеді, жүрек жұмысын жақсартады, қан айналымын және глюкоза көрсеткіштерін тұрақтандырады, ісік ауруларының және II типті қант диабетінің алдын алады;
- Аштық сезімін туғызбайды;
- Дұрыс тамақтану әдетін қалыптастырады;
- Артық салмақтан баяу арылтады, дегенмен оны тұрақты түрде ұстап тұрады;
- Гипертониктарға арналғанмен барлық адамдар осы диетаны ұстай алады;
- Қаржылай шығыны аз;
- Уақытты шектемейді.
Dash диетасы – гипертоник адамдарға арналған қауіпсіз және пайдалы тамақтану режимі. Дегенмен микроэлементтер мен дәрумендер қажетті мөлшерде тұтынылады.
Егер де әрдайым қажетті салмақты ұстанғыңыз келсе, үйлестірілген тамақтануға көшіңіз. Қажетті элементтердің дисбалансын талап ететін диетадан аулақ болыңыз!
Dash диетасын ұстай отырып қол жеткізген нәтижені дене белсенділігі арқылы бекіту қажет. Дене шынықтыру мен спортқа көңіл бөліңіздер! Спорт әлемінде әрбір адам үшін орын бар!
Дайындаған: Индира Даулетбекова
Аударған: Әсел Рахметова