Коллаген соңғы жылдары тағамдық қоспа және су сабын мен денеге арналған лосьон құрамына енетін қоспа ретінде танымалы болып кетті.
Ет – етке, сорпа – бетке.
Коллаген деген не?
Коллаген - бұл сіздің ағзаңыздағы көп мөлшерде кездесетін ақуыз, ол ақуыз құрамының үштен бірін құрайды.
Бұл терінің, сүйектердің, бұлшықеттердің, сіңірлердің және буындардың негізгі құрылыс материалдарының бірі. Коллаген сонымен қатар дененің көптеген бөліктерінде, соның ішінде қан тамырларында, көздің мүйізгек қабығында және тістерде болады.
Мұны бәрін біріктіретін «желім» деп санауға болады. Шын мәнінде, бұл сөз гректің «kólla» сөзінен алынған, яғни желім дегенді білдіреді.
Ол біздің ағзамызда не істейді?
Біздің ағзамызда оның кем дегенде 16 түрі бар, біз соның негізгі 4 түріне тоқталайық:
·Бірінші түрі. Бұл түрі ағзадағы коллагеннің 90%-ын құрайды және тығыз оралған талшықтардан тұрады. Ол терінің, сүйектердің, сіңірлердің, талшықты шеміршектердің, дәнекер тіндердің және тістердің құрылымын қамтамасыз етеді.
·Екінші түрі. Бұл түрі іркілдек талшықтардан тұрады және буындарыңызды жұмсартатын серпімді шеміршекте болады.
·Үшінші түрі. Бұл тип бұлшықеттердің, ағза мүшелерінің және күретамырлардың құрылымын сақтауға көмектеседі.
·Төртінші түрі. Бұл түрі сүзгілеуге көмектеседі және тері қабаттарында кездеседі.
Жас ұлғайған сайын ағза өндіретін коллагеннің мөлшері азайып, сапасы төмендейді.
Мұның белгілерінің бірі - терінің серпімділігі мен созылмалылығының нашарлауы. Шеміршек те қартайған сайын әлсірейді.
Коллагеннің ағзада өндірілуін күшейтетін коректік заттар
Барлық коллагендер проколлагеннен басталады.
Ағза глицин мен пролин амин қышқылдарын біріктіру арқылы проколлаген түзетеді. Бұл процесте С дәрумені қолданылады.
Егер де келесі маңызды коректік заттарды жеткілікті түрде тұтынсаңыз, осы маңызды ақуызды өндіруге көмектесе аласыз:
С дәрумені. Цитрус жемістерінде, болгар бұрышында және құлпынайда көп мөлшерде кездеседі.
Пролин (амин қышқылы). Жоғары мөлшер жұмыртқа ақуызында, сүт өнімдерінде, қырыққабатта, қасқыржем (спаржа) мен саңырауқұлақта кездеседі.
Глицин (амин қышқылы). Тауық терісі мен желатинде көп мөлшерде кездеседі, және де глицин түрлі ақуыз өнімдерінде де кездеседі.
Мыс. Жоғары мөлшер сорпалық өнімдерінде (субпродукт), күнжіт тұқымында, какао ұнтағында, кешью жаңғағы мен жасымықта кездеседі.
Сонымен қатар, ағзаға жаңа белоктар жасау үшін қажет амин қышқылдары бар жоғары сапалы ақуыз қажет. Олар ет (жылқы, сиыр, қой), құс еті, теңіз өнімдері, сүт және сүт өнімдері, бұршақ дақылдары мен тофу амин қышқылдарының керемет көзі болып табылады.
Коллагенді құртатын заттар
Коллагенді жоятын төмендегі әрекеттерден аулақ болу өте маңызды:
·Қант пен тазартылған көмірсуларды көп мөлшерде жеу. Қант колагеннің өзін-өзі қалыпқа келтіру қабілетіне әсер етеді. Қант пен тазартылған көмірсулардың мөлшерін азайтыңыз.
·Күн сәулесі. Ультракүлгін сәуле ағзаның коллаген өндіруін төмендетеді. Шамадан тыс күннің көзінде жүрмеңіз.
·Темекі шегу. Темекі шегу ағзаның коллаген өндіруін төмендетеді. Бұл жараның жазылуын нашарлатып, әжімдердің пайда болуына әкелуі мүмкін.
·Қызыл жегі (волчанка) сияқты кейбір аутоиммунды аурулар коллагенді зақымдауы мүмкін.
Табиғи көздері
Коллаген жануарлардан алынатын өнімдердің дәнекер тіндерінде кездеседі. Мысалы, ол тауық етінің терісінде көп мөлшерде кездеседі.
Коллагеннің қайнар көзі - ол тауық және басқа да жануарлардың сүйектерінен жасалған сүйек сорпасы.
Желатин, шын мәнінде, жылумен өңделген коллаген, сондықтан оның құрамында коллаген өндіруге қажетті амин қышқылдары көп.
Коллаген қоспаларының пайдасы
Қоспалардың танымал болып келе жатқан екі түрі бар - гидролизденген коллаген (коллаген гидролизаты) және желатин. Желатин коллагенді пісіргенде түзіледі.
Қоспаларда үлкен ақуыз ағзаға оңай сіңірілетін кішігірім пептидтерге бөлінген.
Коллагенді қоспалар туралы зерттеулер аз, сол зерттеулердің нәтижесі бойынша төмендегі жағдайларда пайдасы бар дейді:
·Бұлшықет. 2019 жылы ер адамдар қатысқан зерттеу коллаген пептидінің қоспасы мен күш жаттығуларды бірге қолдану плацебоға қарағанда бұлшықет массасы мен күшін көбірек арттырғанын анықтады.
·Артрит. 2017 жануарларға жасалған зерттеу жарақаттан кейінгі остеоартриті бар тышқандарға коллагенді қоспаның әсерін зерделеді. Зерттеу нәтижелері, қоспалар аурудың дамуы мен асқынуынан қорғай алатындығын көрсетті.
·Тері серпімділігі. 2019 жылы жүргізілген зерттеуде қоспаны қабылдаған әйел адамдарда терісінің сыртқы түрі мен созылмалылығын жақсартты. Сондай-ақ, коллаген терінің сыртқы түрін жақсарту мақсатында (қатпарлар мен әжімдердің санын азайту арқылы) жақпа ретінде де қолданылады.
Қауіпсіздік және жанама әсері
Бүгінгі таңда коллаген қоспаларының қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы расталған ақпарат шектеулі.
Желатин қоспаларының жанама әсерлері мынадай болуы мүмкін:
- жағымсыз дәм;
- асқазанда ауырлық сезіну және қыжыл;
- қоспа жасалатын затқа аллергияңыз болса, аллергиялық реакция болуы мүмкін.
Қалай қолдану керек?
Коллаген пептиді (гидролизделген) ұнтақ түрінде болады, оны тағамға қосу оңай.
Оны смузи, сорпа немесе тұмша пеште пісірілетін тағамдарға қосуға болады. Өйткені ол тағамның құрылымына әсер етпейді, яғни гельге айналдырмайды.
Ал, егер үйде желе немесе сағыз тәрізді кәмпит жасаймын десеңіз, онда желатин қолданыңыз.
Коллаген қоспасын аларда жоғары сапалысын іздеу керек.
Басқа жерлерде де қолданылуы
Коллаген көптеген жерлерде қолданылады, тағамнан бастап дәрі-дәрмекке дейін және өндірісте де қолданылады.
Коллаген желім жасау үшін мыңдаған жылдар бойы қолданылған, және де бүгінгі күнге дейін музыкалық аспаптардың ішектерін жасауға қолданылады.
Коллаген тамақ өнеркәсібінде желатинді алу үшін қыздырылады және колбаса өнімдерінің қабықшаларын жасауға қолданылады. Медицинада, ол пластикалық хирургияда толтырғыш ретінде және қатты күйік кезінде, таңғыш ретінде қолданылады.