Мектеп оқушыларында сколиоздың пайда болуы және дене мүсінің бұзылуы қазіргі уақытта ата-аналарды қобалжытатын үлкен бір мәселе.
Балалар үлкендерге қарағанда үстел басында көбірек уақыт өткізеді: яғни бұл мектептегі сабақ барысы, үй тапсырмасын орындау, телефон немесе компьютер алдында отыру уақыты. Бір қалыпта қозғалыссыз ұзақ уақыт бойы отыру омыртқа жотасының бұлшықеттері мен сүйектерінің дұрыс дамымауына әкеліп соқтырады, осының салдарынан омыртқа жотасының қисаюы және дене мүсінінің бұзылуы орын алады.
Сколиоз деп омыртқа жотасының фронталды жазықтықта қисаюын атайды. Балалық шақта омыртқаның қисаюы және жасөспірім жаста одан туындайтын аурулар әрі қарай білім алуға, еңбекке жарамдылыққа айтарлықтай әсер етеді. Қазіргі таңда 80% дейін мектеп жасындағы балалар әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі сколиозға шалдыққан. Ол скелеттің (қаңқаның) қарқынды өсу кезеңінде (6-7, 12-15 жас аралығында) өріс алады.
Сколиоздың өріс алуының алдын алу
Негізгі алдын алу шаралары балада сколиоз болмай тұрып жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, сколиоздың алдын алу ағзаның ішкі мүшелерінің қысылуынан және жұлын қызметінің бұзылуынан болатын көптеген басқа аурулардың алдын алады.
Сколиоздың алдын алу ерте жастан бастаған жөн, өйткені, сүйектердің айтарлықтай жұмсақтығына байланысты сколиоз көбінесе балаларда пайда болады. Сәби өздігінен аунай алмай көбінесе арқасында жататын кезде басын үнемі тек бір жаққа қарай бұруын болдырмау керек.
Баланы үнемі бір қолда ұстау, ерте отырғызып немесе аяққа тұрғыза бастау дене мүсінінің бұзылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Уақыт өте келе, бала жүре бастаған кезде, оны үнемі бір қолынан жетектемеуге тырысыңыз. Омыртқаның бірқалыпты жағдайы сколиоздың пайда болуына әкеледі, сондықтан қандай да болмасын үйреншікті бір қалыпта болудан аулақ болған жөн.
Негізгі ұсыныстар:
· баланың организмін Д дәруменімен толықтыру үшін онымен күнделікті серуенге шығыңыз. Д дәрумені ультракүлгін сәуленің әсерінен пайда болады, ал ол өз кезегінде сүйектердің дұрыс қалыптасуына қажет болып табылады;
· туғаннан – тек арнайы қатты, ортопедиялық матраста ұйықтау;
· сабақ барысында денені дұрыс қалыпта ұстау;
· ыңғайлы жұмыс орны. Үстелдің биіктігі бала қолын түсіріп тұрған кездегі саусақ ұшынан 2-3 см жоғары болу керек, орындықтың биіктігі сирақ биіктігіне тең; орындықта отырған кезде баланың кеудесі мен үстелдің ара қашықтығы 2-3 см; арқасы орындықтың арқалығына тиіп тұруы керек; баланың басы мен үстелге дейінгі ара қашықтық кем дегенде 30 см.
· ортопедиялық арқаға асынатын сөмке немесе дөңгелегі бар сөмке ұстау;
· дұрыс және ыңғайлы аяқ-киім;
· үйлестірілген тамақ рационы;
· мектептен кейін серуендеу, дене жаттығуларымен айналысу.
Сколиоздың алдын алуда жүзу және гимнастика ең оңтайлы шешім болып табылады. Сколиоз кезінде негізінен жүзудің брасс стилі қолданылады, оның симметриялық қимылдары тек арқаның ғана емес, сонымен қатар іштің де бұлшықеттерін нығайтады. Емдік жүзуді дене мүсінінде кінәраты бар барлық балаларға қолданған жөн, алайда, бұл ретте тек жүзу стилі ғана емес, емдік жүзу жаттығулары да таңдалады.
Сколиоздың алдын алу үшін бұлшықет күшін, әсіресе омыртқа жотасының қисаюына жол бермейтін арқа бұлшықеттерінің күшін арттыруға көмектесетін гимнастикалық жаттығулар кешенін орындау ұсынылады. Мұндай гимнастика күнделікті жасалуы тиіс. Күн тәртібіне қатысты талаптардың дұрыс орындалуы мен жүйелілігі көбінесе ата-аналардың бақылауына байланысты. Сонымен бірге ата-аналар балаға жаттығуларды қалай жасау керектігін көрсетіп бірге жасаған дұрыс болады.
Сколиозы бар балаларға кейбір спорт түрлерімен айналысуға болмайды (Спорттық және көркем гимнастика, акробатика, ауыр атлетика және т.б. спорт түрлері) . Омыртқаға шамадан тыс ауырлық түсетін қимыл-қозғалыстар мен әрекеттер жасамаған дұрыс.
Қисаю түрі бойынша сколиоз түрлері келесідей болады:
• қарапайым түрі (С-тәріздес) - омыртқаның бір жаққа қарай ығысуы бар;
• күрделі түрі (S-тәріздес) - омыртқаның әр жаққа бірнеше қисаюы бар;
• барлығын қамтитын түрі (Z-тәріздес) - көптеген қисаюлары бар.